EDX Oxford Instruments Xplore қосымшасымен жабдықталған CIQTEK SEM5000Pro сканерлеуші электрондық микроскопы материалдардың бетін, микроқұрылымын және элементтік құрамын зерттеуге арналған. Электрондық шоқ үлгінің үлкейтілген кескінін қалыптастырады, ал EDX қосымшасы оның құрамындағы химиялық элементтерді анықтап, олардың таралу карталарын құрастырады. Құрылғы электрөткізгіштігі төмен, бейметалл және магниттік үлгілерді зерттеуге мүмкіндік береді. Төмен кернеуде жұмыс істеу электр зарядының жиналуын және материалдың зақымдануын азайтады.
Минералдық шикізатты өңдеу саласында жүйе кендерді, концентраттарды және байыту қалдықтарын зерттеу үшін қолданылады. Атап айтқанда, олардың құрылымын бағалауға, бағалы минералдардың қоршаған тау жынысынан босану дәрежесін анықтауға, сондай-ақ құрамында ауыр, сирек жер және асыл металдар бар ұсақ кірінділерді анықтауға мүмкіндік береді.
Микроскоп Шоттки электрондық зеңбірегімен жабдықталған және екінші реттік электрондар режимінде 15 кВ кернеуде 0,8 нм, ал 1 кВ кернеуде 1,2 нм ажырату қабілетін қамтамасыз етеді. Үдеткіш кернеу 20 В-тан 30 кВ-қа дейін, ал үлкейту дәрежесі 1×-тен 2 500 000×-ке дейін реттеледі. Үлгі үстелшесі X/Y осьтері бойымен 110 мм-ге дейін, Z осі бойымен 50 мм-ге дейін жылжиды, −10°-тан +70°-қа дейін еңкейеді және 360°-қа айналады. Стандартты детекторлар — In-lens және Эверһарт–Торнли (ETD) детекторлары. Қосымша BSED, STEM, төмен вакуумдық детектор, EDS және EBSD жүйелері қолжетімді. Автоматты фокустау, астигматизмді түзету, жарықтық пен контрастты реттеу функциялары қарастырылған.